Каллиграфиялық сауаттылық жазу машығын игеру үрдісінде маңызды рөл атқарады. Орфографиялық дағдының қалыптасуы каллиграфиялық дағдының қалыптасу деңгейіне тікелей байланысты. Яғни, жазу дағдысына жақсы машықтанған болса, орфографиялық икем тезірек қалыптасатын болады. Осылайша, ұсынылып отырған топтаманың негізгі мақсаты — жазу дағдысын машықтандыру. Жазу үрдісі көптеген өздігінен жұмыс істеу әрекеттерін қамтиды: қаламды дұрыс ұстау және дәптерді дұрыс қою; әріп және оның неше элементтен тұратындығын еске түсіру; сызыққа көңіл аудара отырып, әріпті дұрыс жазу; сөзде әріптер қалай байланысатындығын еске түсіру; сөздің жолға сыятындығын анықтау. Осы аталған әрекеттер баладан саналы болуды талап етеді, себебі ол тиянақты сөйлеу бірлігін графикалық белгіге ауыстыруы тиіс. Сондықтан, оқыту оңай және тиімді болу үшін, әртүрлі тәсілдер мен жаттығуларды пайдалана отырып, оны кезең-кезеңмен жүргізу керек. Ұсынылып отырған құрал «Каллиграфиялық сауаттылықты дамыту» атты топтаманың 1-ші сатысы және әліппеге дейінгі кезеңде қолдануға ұсынылады.