Бұл жұмыс дәптері «Жаратылыстану» курсына арналып дайындалды. 5-сынып оқулығына негізделіп дайындалған жұмыс дәптері автордың әдістемесі негізінде іс-тәжірибесін тарату болып табылады. Жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар ҚР БҒМ бекіткен оқу бағдарламасына сай дайындалды. Олар жаратылыстану ғылымдарының негіздерін оқып-үйренуде есте сақтау, логикалық ойлау мен шығармашылықпен жұмыс істеуге негізделген.
Дәптерде оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға және жаратылыстанудан игерген білімдерін бекітуге арналған жұмыс түрлері мен тап-сырмалар берілген. Әр түрлі жұмыстар оқушыларда белгілі бір практикалық қабілеттердің қалыптасуына көмектеседі. Танымдық қабілетті дамытуға арналған тапсырмалар оқушының жас ерекшелігіне сәйкес дайындалған.
Дәптердегі тапсырмалардың сапалы безендірілуі материалды көзбен көре отырып қабылдауға мүмкіншілік береді. Мұғалім оларды алған білімді бекітуге де, сонымен қатар оқушылар білімін тексеруге де пайдаланады. Мұғалім белгілі бір бағалау жүйесін таңдай алады. Мысалы, егер оқушы тақырып бойынша 90 – 100% сұрақтарға жауап берсе, оған «5» деген баға, 70 – 80% дұрыс болса, оған «4», ал 50 – 60% дұрыс жауапқа «3» деген баға қоюға болады. Сынып оқушыларының дайындығына қарай мұғалім басқа да бағалау жүйесін таңдай алады.